Украинада ауқымды соғыс басталғаннан кейін Ресейде ксенофобия деңгейі күрт артты. Көбіне ондаймен мигранттар мен байырғы халықтардың өкілдері бетпе-бет келді.
Ресми түрде Ресей өзін көпұлтты ел деп атайды. Конституциясында "Ресей Федерациясындағы биліктің жалғыз қайнар көзі – оның көпұлтты халқы" деп жазылған. Бұған қоса Конституция сан алуан мәдениет пен тілдерді қорғауға кепілдік береді. Бірақ іс жүзінде ұлттық ерекшелік кемсітуге себеп болып отыр.
Байырғы халықтар ұлттық белсенділігіне бола қысымға ұшырайды, ал 2017 жылдан бастап ұлт тілінде міндетті оқыту мектеп бағдарламасынан алынып тасталды. Украинадағы соғыс кезінде мобилизация салдарынан ең көп шығынға ұшырап жатқандар да нақ осы байырғы халықтардың өкілдері.
Оқырмандарымыз арасындағы Ресейдің байырғы халықтары өкілдерінің – Саха елі мен Бурятия тумаларының хаттарын жариялап отырмыз. Олар ксенофобия мен "екінші қатардағы" адамның сезімі жайлы, сондай-ақ неліктен өшпенділік риторикасы биліктегілерден ғана емес, кейбір ресейлік оппозиция өкілдерінен де естіліп жатқаны жөнінде әңгімелейді.
"Біз де адамбыз, бірақ мал құрлы көрмейді"
Александр Бурятия астанасы Улан-Удэ қаласында ер жетті. Өзі Ресейде орыс емес, өзге ұлт өкілі болудың қандай екенін бала күнінен ұғып өскенін айтады.
"Орыстар буряттарға менсінбей, құдды бізге бірдеңесі өтіп кеткендей қарайтыны үнемі байқалатын", – деп еске алды ол.
Бала кезінде Александр бір орыс ұлмен дос болып, аулада жиі бірге ойнайды екен. Бірақ бір күні әлгі баланың әкесі: "Сол с… бурятпен неге шүйіркелесесің?" – деп ұрсыпты. Әлгі ауыр сөз Александрдың жадында жатталып қалған – әлі күнге дейін жанын ауыртады.
Анасы болса әлгіндей сөздерге мән бермейтін. Александрдың айтуынша, ол кісі "советтік тәрбие шыңдаған" адам ретінде ондай қарым-қатынасқа төзу керек деп қарапты.
"Ал мен ондай емеспін. Осы туралы ашық айтқым келеді, – деді ол "Настоящее Время" арнасына берген сұхбатында. – Адамдар білсін деймін: Ресейде нәсілшілдік болған және әлі де бар. Жерлестерім маған: "асыра сілтемесеңші" дейді. Ал мен болсам жұрт шындықты білсін деймін. Маған бұл ауыр тиеді. Біз де адамбыз, бірақ мал құрлы көрмейді ғой".
Александр мектеп бітірген соң Шығыс Сібір мемлекеттік мәдениет институтына оқуға түскен. Институтта декан орыс еді және, Александрдың айтуынша, буряттарды жақтырмайтынын жасырмайтын.
"Біз, орыстар, сендерге қала салып бердік, білім бердік. Біз келмей тұрғанда сендер киіз үйде өмір сүргенсіңдер" дегенді ол жиі айтатын", – дейді Александр.
Кейін Александр ксенофобиямен жиі бетпе-бет келетін болған. Тіпті туған елі Бурятияның өзінде "славяндарға ғана жалға пәтер беремін" немесе "славяндарды жұмысқа аламын" деген хабарландыру көру таңсық емес еді.
Институтты аяқтаған соң Александр Мәскеуге кетуді жөн көрген. Алғашында Burger King дәмханасында жұмыс істепті.
"Келген жұрт үнемі менімен дөрекі сөйлесетін. "Ч*рка", "қаңғып келгендер" деген айдар тағып, "ауылыңа кет" дейтін, – деп еске алды жас жігіт.
Содан кейін ол "Ашан" дүкеніне жұмысқа орналасқан. Ондағы аға кассир шыққан тегі славян емес қызметкерлерге үнемі айқайлап отыратын дейді Александр.
Мәскеу метросында полиция оны құжатын тексеру үшін жиі тоқтатқан. "Бірде неге дәл мені тоқтата беретінін сұрадым. Полиция қызметкері: "Себебі түр-әлпетің азиялық" деп ашық айтты", – деді бурят жігіт.
Александр мұндай менсінбей, мұрын шүйіре қарайтындармен тіпті азық-түлік дүкендерінде де бетпе-бет келгенін айтты. Бір жолы кассирмен сөзге келіп қалғанында, кезекте тұрғандардың бірі: "Қаңғып келіп алдыңдар!" – деп айғай салған. Александр әлгі адамға "ресейлік төлқұжатым бар", – деп жауап қатқанда, ол: "Сатып алған шығарсың", – депті.
"Бұл – үнемі жалтақтаумен өткен өмір еді, – дейді Александр. – Маған олар өздерінен төмен, екінші қатардағы адам екенімді үнемі көзге шұқып көрсететін. Сол себепті бұл елді суқаным сүймейді, солар менің Бурятиямды жаулап алған деп есептеймін. Біз Ресейсіз-ақ жақсы өмір сүрер едік".
Мәскеудегі өмірден түңілген Александр 2020 жылы қайтадан Улан-Удэге оралған. Ол 2000-жылдардың басында скинхедтер азиялық ұлт өкілдерін өлтірген оқиғалар жайлы білетін, бірақ күнделікті өмірде агрессия соншалық кең тараған деп ойламағанын айтады.
Сол жылдары болған атышулы сот процестерінің бірі – "Ақ қасқырлар" тобының ісі еді. 2010 жылы Мәскеу қалалық соты осы топтың тоғыз мүшесін 23 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Тергеушілердің айтуынша, "Ақ қасқырлар" шабуыл жасағанда "жемтігін" келбетіне қарап таңдаған, яғни, "азиялық ұлт өкілдеріне тән белгісі" бар адамдарды нысанаға алған.
"Тіпті Мәскеудегі достарым, оларды дос деуге бола ма, білмеймін, кейде солардың өзі нәсілшіл пікірлер айтып қалатын, – деп жалғастырды сөзін Александр. – Бір танысым Орталық Азиядан келген адамдар жайлы үнемі жағымсыз сөз айтатын: "ч*рки", "ч*ркабесы", "қаңып келгендер", "несібемізді жеп отыр" дейтін. Менің де шыққан тегім азиялық екенін елеместен, көзімше айтатын. Ал мені сырт келбетіме қарап қырғыз я қазақ деп шатастыруға болады. Тағы бір танысым дәл қасымда тұрып, еуропалық сленгке салып, "азиялық қысық көз" дегенді қолымен көрсететін. Яғни, мен де азиялық екенім ойына кіріп шықпайтын, немесе бұл қылығы менің де көңіліме тиюі мүмкін екенін ескермейтін".
Украинада ауқымды соғыс басталғаннан кейін Ресейден кетіп қалған Александр қазір Еуропада тұрып жатыр. Сол жаққа барған соң ғана алғаш рет аздап болса да еркін тыныстауға мүмкіндік туғанын айтады.
"Өзіңді қоғамның бөлшегі сезінуден біртіндеп айырыласың"
"Настоящее Время" арнасының тағы бір оқырманы Айал Сан (Сильверсан) – эстрада театрының бұрынғы әншісі, поп-вокалист, ән авторы және гендерлік сәйкестігін бинарлы емес деп атайтын тұлға. Саха елінен шыққан оның бойында саха мен корей қаны бар, сол үшін де Айал тіпті туған жерінде де кемсітуге жиі кезіккен.
"Меніңше, Ресейде ксенофобия баяғыдан бар, – деді Айал "Настоящее Время" арнасына берген сұхбатында. – Тек қазір бұл көзге анық көрінетін болған. Бұрын бұл жөнінде ең көп дегенде аймақта шығатын шағын басылымдар ғана жазатын. Оның бір себебі – Ресейде байырғы халықтардың тыныс-тіршілігін көпшілікке көрсету деңгейі өте төмен, мысалы, телеарнада. Сырт келбеті славянға ұқсамайтындарға деген төзімсіздік пайда болуының негізгі себептерінің бірі осы деп ойлаймын".
Түрлі ұлт өкілдерінен дүниеге келген Айал тіпті туған жері Саха елінде де өзін "біздің адам" деп қабылдамайтынын сезінген.
"Қоғам сені қабылдауы үшін міндетті түрде таза қанды саха болуың керек. Егер сен таза саха болсаң, онда кез келген нәрсені – тіпті зорлық-зомбылықты, кісі өлтіру немесе педофилияны да – кешіруге дайын. Ал егер жәбірленуші метис немесе байырғы ұлт өкілі болмаса, онда кінәні соның өзіне артады", – дейді Айал.
Айал 17 жасына дейін Саха Республикасындағы шағын қалада өмір сүрген. Ашық агрессия байқалмағанымен, қоғам ішінде көзге көрінбейтін иерархия сезілетін дейді ол.
Мысалы, орыс ұлтының өкілімен кездескен кезде, ол бір саты жоғары тұрғандай сезім аңғарылатын: "Әлдебір "аға" бейнесі, бұл бала кезден бойға сіңеді. Сен ол адамды өзіңнен жоғары деп есептей бастайсың. Сондықтан "халықтар арасындағы бауырластық" деген – ол сүйіспеншілік емес, керісінше, жан жарасы жайлы түсінік. Саналы жасқа жеткенде, мұның дұрыс емес екенін түсінесің, бірақ бұл нәрселер бейсана мәдени деңгейде беріледі".
Кейін Айал Екатеринбург қаласындағы университетке психология мамандығына оқуға түскен.
"Бірінші жылы мен университеттегі жалғыз азиялық болдым. Оның үстіне, мұны үнемі бетіме басып отыратын, – дейді Айал. – Студенттер маған қарап: "япошка", "қытай", "нихао" деген сөздер айтатын. Олар үшін бұл қалыпты жағдай еді".
Бірде конфликтология пәнінің оқытушысы Айалды сабақтан қалғаны үшін сынақтан өткізбей қойған, ал дәл солай қалған басқа студенттер еш қиындықсыз сынақтан өткен.
"Неге басқаларды сынақтан өткізіп, мені өткізбей жатырсыз?" деп сұрадым. Ол: "Ал мен саған қойғым келмейді, ұқтың ба?" – деді. Сосын Саха елі құрмет тұтатын адамдар жайлы өте жағымсыз пікір айтты", – деп еске алды Айал.
Айалды бірнеше рет көшеде де, дүкен ішінде де "ч*урка" деп балағаттап, ұрып-соққан кездер болған. Айал Мәскеуде жұмыс бабымен тұрған кезде жалға пәтер алу да оңайға түспеген.
"Телефонмен бәрі өте сыпайы сөйлеседі. Ал пәтерді көруге барғаныңда мүлде басқа қарым-қатынасқа кезігесің, – дейді Айал. – Олар мені Мәскеуге келген турист ретінде ғана қабылдайтын. Олай болатын жөні де бар, өйткені Ресейде орыстан өзге ұлт өкілдері де тұрады деген олардың миына да кіріп шықпайды ғой".
Осындай таптаурын көзқарастармен күресу – өте қиын әрі қатты қажытады, дейді Айал.
"Өзіңді қоғамның бір бөлшегі сезінуден біртіндеп айырыла бастайсың. Менің жағдайымда мен жай ғана бұл – маған жат нәрсе, мен дөрекілікті, зорлық-зомбылықты, өзгелерді мойындамауды қалыпты санайтын мәдениеттің бір бөлшегі болғым келмейді деп ұйғардым. Ксенофобияның да, гомофобияның да, нәсілшілдіктің де бөлшегі болмаймын".
Ресейден кету туралы ой Айалға 2011 жылы-ақ келген, бірақ Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс ашқаннан кейін ғана Лондонға қоныс аударған. Айал Англияда өзін мүлде басқаша сезінгенімен, бір кездері ксенофобиялық ортада өмір сүргені санасында із қалдырғанын айтады.
"Егер өзіңе үнемі екінші қатардағы адам деп қарайтын ортада өссең, тіпті қанша жерден ақылды, білімді немесе дарынды болсаң да, бәрі басқаша болуы мүмкін дегенге сену қиынға түседі. Бұл сезім мені кейде әлі де мазалайды, дегенмен оны еңсеру үшін жұмыс істеп жатырмын, айналамдағы орта – түгелдей жергілікті және өте мәдениетті адамдар. Мұнда мен бәрімен тең дәрежеде сөйлесемін," – деді Айал.
Мұны кейде нәсілдік жарақат салдары деп те атайды. "Екінші қатардағылар" идеясы Ресей қоғамының өн бойына терең сіңіп кеткені соншалық, тіпті байырғы халықтардың өзі оны қалыпты жағдай деп қабылдай бастайды, дейді ол.
"Мысалы, біреу Саха еліне келсе, оған бәрін жайып салады, көрсетеді, ең дәмді деген тағамын дастарханға қояды – бұл бейсаналы түрде жасалады. Бұл – қонақжайлық емес, бұл – зорлық пен қорқынышта өскен мәдениеттің белгісі", – деді Айал.
Тұрғылықты халықтардың бойына сіңген бұл қалыпты ксенофобия – отарлық мәдениеттің нәтижесі, кейде жергілікті байырғы ұлт өкілдерінің өздері де отарлық нарративтерді бейсаналы түрде таратып, "байырға ұлтқа" жатпайтындардың атынан сөйлеп кетеді, дейді ол.
"Мысалы, "менің бурят досым бар, ол ешқандай ксенофобияға ұшыраған емес" дейді. Бірақ мұнысы – империялық ойлау. Ешкім басқа адамның басынан өткен жағдайды дәл оның өзі сияқты білмейді және де, әсіресе осындай шетін тақырыпта басқа біреудің атынан сөйлеуге болмайды. Бұл – толық қалыпқа айналған ксенофобиялық сананың көрінісі. Яғни, адам басқа біреудің жеке тәжірибесін мансұқ етіп, өзі соның атынан сөйлеуге толықтай құқылымын деп, кейде тіпті шын көңілмен ойлайды. Өркениетті қоғамда бұл қалыпты нәрсе емес екенін адамдар ойламайды да", – деді Айал.
Оқырманымыз 2024 жылдың қыркүйегінде Словенияда өткен стратегиялық форумда Юлия Навальнаяның (2024 жылы ақпанда Ресей түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болған оппозиционер Алексей Навальныйдың жесірі - Азаттық) айтқан сөзін еске алды. Сол жиында Навальная Ресейдің деколонизациясы елдің даму стратегиясына сәйкес келмейді, ал бұл идеяны қолдайтындар "ортақ тарихи және мәдени контексте өмір сүріп жатқан адамдар неліктен бір-бірінен жасанды түрде ажырауы керек екенін түсіндіре алмайды" деп мәлімдеген еді.
"Қазіргі кезде тіпті оппозициялық интеллигенция өкілдерінен де қалыпқа айналған ксенофобия сарындағы пікірлер естіп қаласың, – дейді Айал. – Мен олардың соғысқа қарсы ұстанымын құрметтеймін, бірақ қалыпқа айналған ксенофобия – бұл адамның бейсана деңгейіндегі көзқарасы. Олар зорлық-зомбылықты қаперге алғысы келмейді де, соның салдарынан тіпті адамдардың осал тобына тап береді. Өкінішке қарай, оппозиция бұл жайлы ойланғысы келмейді. Алайда егер біз шынайы демократияны қаласақ, онда тәуелсіз, кейде жайсыз көрінетін ұлт белсенділерімен де тең құқықты, өркениетті диалог бастау қажет болады. Ол үшін Ресейдегі қалыпты ксенофобияның түп-тамыры саналатын отарлық саясаттың күрделі тарихи шындығын мойындауға дайын болу керек", – деп түйіндейді Айал.
Соғыс пен отаршыл нарративтер
Тіпті Ресейден тыс жерде, эмиграциядағы ортада да байырғы халықтардың өкілдері мен деколонизацияны қолдайтын белсенділер кемсітуге ұшырап жатыр, дейді бурят-моңғол белсендісі әрі "Indigenous of Russia" қорының тең құрылтайшысы Виктория Маладаева. Ресейдің байырғы халықтарының мүддесін қорғайтын бұл қор олардың мәдениеті мен тарихы туралы ақпарат таратып, адамдарға нәсілшілдікпен күрес жолдарын үйретумен айналысады.
Олар да ресейлік оппозициялық саясаткерлер сияқты соғысқа ашық қарсы шығып жүрсе де, шабуылдар мен қарсылыққа жиі ұшырайды. Ал егер белсенділер саяси тұлғаларды сынай қалса, оларды "ит қосып жатыр" немесе "арандатты" деп айыптайтындар да табылады. Байырғы халықтардың өкілдері мұндай әрекеттерді Ресей империализмі мен нәсілшілдігінің жалғасы ретінде қабылдайды. Юлия Навальнаяның әлгіндей сөзі – көп мысалдың бірі ғана. Режим мен соғысқа қарсы күресте өзіне одақтас санап келген адамдардың ондай қарым-қатынасы белсенділерге қосымша психологиялық соққы болып тиеді, дейді Виктория.
Оның сөзінше, басты мәселелердің бірі – қоғам пікірін айтатын көпшілік алаңдарда байырғы халықтардың тәуелсіз дауысы естілмей келе жатқанында:
"Егер байырғы халықтардың өкілдері мұндай конференцияларға қатысса да, олар үнемі азшылықта қалады. Бұл жағдайды өзгерту үшін адам жай ғана одақтас болып қоймай, белсенді антирасист болуы керек: үнсіз қалмай, ксенофобиялық және отаршыл риторикаға ашық түрде тойтарыс беруі қажет", – дейді Маладаева.
Викторияның сөзінше, ксенофобиялық пікірлерге оппозиция өкілдері ғана емес, тіпті байырғы халықтарды экзотикалық сипатта бейнелейтін стереотиптер жариялайтын тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары да жиі жол береді.
"Революцияға дейінгі Ресей тарихшылары этнографиялық еңбектерінде немесе кітаптарында бізді білімсіз жабайылар ретінде сипаттаған. Ал арада 300 жыл өтсе де, қоғамда әлі күнге солай ойлайтындар көп екенін түсінесің. Ондай адамдарға нақты бір кеңес беру қиын. Олар, ең алдымен, өздері стереотиптерден арылып, бізді өзіне тең адам деп қабылдауға үйренуі қажет. Өйткені Ресейде демократияны ксенофобиялық риторикаға сүйеніп, отаршыл нарративтерді сақтай отырып құра алмайсың", – дейді Виктория сеніммен.
Оқырмандарымыз секілді, Виктория да Ресейде ксенофобия баяғыдан бар, тек бұрын ол жөнінде аз айтылатын дейді. Мигранттар сияқты байырғы халықтар да ұзақ уақыттан бері зорлық-зомбылық пен кемсітуге ұшырап келеді. Украинада басталған кең ауқымды соғыс, әсіресе Ресей билігі мигранттарға қарсы риториканы ашық насихаттап отырған шақта бұл циклді тек күшейтті.
"Сова" зерттеу орталығының деректеріне сүйенсек, кейінгі жылдары "ұлты бөтен" адамдарға жасалған шабуылдар саны күрт өскен. 2024 жылы ондай 163 шабуыл тіркелген – бұл алдындағы жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Ресейдегі байырғы халықтардың жағдайына Украинадағы соғыс та қатты әсер етті. Олар кейде полиция рейдтері кезінде жапа шексе, енді бірде көшеде ашықтан ашық зомбылыққа тап болады. Мысалы, 2025 жылдың маусым айында Мәскеу маңындағы станциялардың бірінде бір "жасақшы" Бурятия тумасын мигрант деп ойлап, оны Мәскеу орталық диаметрі станциясынан шығатын жерде күшпен ұстап, кейін полицияға тапсырған.
"Билік өте екіжүзділік танытып отыр. Бір жағынан, олар "орыс әлемі" үшін "украин нацизміне" қарсы бірге күресіп жатқан "біртұтас ресейлік халық" туралы айтады. Ондай бейнені пропаганда санаға сіңдіріп жатыр. Ал екінші жағынан, соғыста ең көп қырылғандар – аз ұлттар мен байырғы халықтардың өкілдері. Бұл олардың әл-ауқатына ғана емес, жалпы өмір сүру мүмкіндігіне де алапат залал келтіреді", – дейді "Мемориал" дискриминацияға қарсы орталығының сарапшысы Ольга Абраменко.
BBC мен "Медиазона" зерттеулері оның сөзін растайды: майдандағы шығын біркелкі емес. Ең көп өлім-жітім – "ұлттық" аймақтардан соғысқа қатысқандар арасында тіркелген. Тізім басында – Тыва (әр 10 мың ер адамға шаққанда 120 адам өлген), одан кейін Бурятия (91) мен Алтай өлкесі (89) тұр.
"Саны аз байырғы халықтарды, әсіресе жағдайы осалдарды соғысқа салу – олардың жойылып, құрып кетуіне апарып соғуы мүмкін. Ол – адамзатқа қарсы қылмыс болады", – деді Ольга Абраменко.
Бірақ халықты физикалық тұрғыда құртып-жоюдан бөлек, Ресей билігі ұлттық бірегейліктің кез келген көрінісімен де күресіп жатыр. 2017 жылдан бастап билік байырғы халықтардың тілін міндетті түрде оқытуды қысқартып, ана тілі сабағын аптасына екі-ақ сағатпен шектеді. Ал 2025 жылы Путин орыс тілін "біріктіруші фактор" және "азаматтық бірегейліктің негізгі элементі" деп жариалаған жарлыққа қол қойды.
Жергілікті белсенділер де қысым көріп жатыр. 2025 жылдың шілде айында саха стендап-комигі Ньургун Атаков отарлау, сахаларды кемсіту және олардың тарихын мансұқ етіп отырғаны жайлы сқақ айтқаннан кейін "өшпенділік қоздырғаны" (Ресей әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 20.3.1-бабы) үшін айыппұл арқалады.
"Менің ана тілім – саха тілі. Ал орыс тіліне… түкіргенім бар <…> Саха елі де, әрине, "Ресейдің бір бөлігі-міс". Бірақ Ресей тарихы оқулығында Саха жайлы дым да жоқ. Біз туралы не жазсын? Бұғыны қалай нетеді деп пе? Африкалықтарды құл жасады, үндістерді түгел дерлік қырып тастады. Ал бізді "православ адамдарға" айналдырды. Одан да бізді өлтіріп тастағаны дұрыс болар еді", – деп мысқылдаған еді комик сахнадан.
Алайда басқа бір құбылыс та байқалып отыр: тәуелсіздік талап еткен дауыстар артып келеді, ал "деколонизация" термині халықаралық форумдарда жиі естіле бастады.
2024 жылдың сәуір айында БҰҰ-ның Байырғы халықтар мәселелері жөніндегі Тұрақты форумында сөйлеген бурят белсендісі Марина Ханхалаева отарлау жайлы, Мәскеу орталықтандыруды күшейткенін, сондай-ақ Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін славян емес ресейлік азаматтар "шығыс материалына" айналғанын айтты.
"Менің ойымша, 2022 жылы басталған соғыс – байырғы халықтардың барлық мәселесін, Ресей мемлекетінің барлық түйткілін айқын ашып берді. Кремль бізге қалай қарайтынын көрсетті – олар үшін біз тек шикізат көзі, ресурспыз, соның ішінде адам ресурсы саналамыз, – деді белсенді Idel.Реалии сайтына берген сұхбатында. – Мәскеу байырғы халықтармен ешқашан санаспаған, олардың мүддесін ескерген емес. [Барлық республикалардағы] жағдай шамамен бірдей: адамдарды бағынышты етіп ұстау үшін әдейі жасалып отырған шектен шыққан кедейшілік. Адамдар қарызға батып, бағынышты күйге түскен соң, оларды империялық амбицияларға қызмет етуге мәжбүрлейді".
ПІКІРЛЕР