"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина түрмедегі оппозиция белсендісі, марафоншы Марат Жыланбаевты ауруханаға жатқызуды талап етті.
Құқық қорғаушының сөзінше, Марат Жыланбаевтың аштық ұстап жатқанына 6 тамызда 66 күн болған. Ол белсендінің денсаулығы нашарлағын айтып, оны ауруханаға жатқызып, толық медициналық тексерістен өткізуді талап етті.
Оның сөзінше, 5 тамызда адвокат Денис Малюга Жыланбаевқа кіріп шыққан. Құқық қорғаушы Жыланбаевтың өтінішімен оның қан талдауының көрсеткішін желіде жариялап, белсендінің аяқ сіңірі тартылып, қабырғасы ауыратынын және өзге де симптомдар барын жеткізді.
“Бұған қоса, Марат Жыланбаев БАҚ және халықаралық ұйым өкілдерімен кездесу туралы өтініш жазды. Өтінішті мекеме тіркеді. Адвокат Денис Малюгада тіркелген өтініштің нөмірі бар. ЕО, Ұлыбритания және АҚШ, норвегиялық Хельсинки комитетінің Қазақстандағы өкілі, Human Rights Watch-ты Марат Жыланбаевқа кіріп кірулерін сұраймыз” деп жазды.
Құқық қорғаушы жазбада ресми омбудсмендерден қайран жоғын да меңзеген.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті және Степногорскідегі түрме өкілдері әзірге реакция білдірмеді. Қылмыстық атқару-жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Горнова 6 тамызда Азаттық тілшісіне демалыста жүргенін айтып, ақпаратты анықтап көретінін айтты.
Бұған дейін ҚАЖК Жыланбаевтың халі мүшкіл деген ақпаратты жоққа шығарған. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсендінің денсаулығы күрт нашарлады деген сөздерді "хайп" деп атаған.
"Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасымен үнемі байланыстамыз. Сондықтан оның "халі ауыр", ол "45 кг болып, талып қалуға шақ қалыпты" деген сөздердің ешқандай объективті негізі жоқ және олар дәлелденбеген. Азаматтың, әсіресе жазасын өтеп жатқан адамның денсаулығына қатысты хайп жасау құқықтық тұрғыдан дұрыс емес, ал М.Жыланбаевтың туыстары мен жақындарының алдында адамдыққа жатпайтын әрекет деп санаймын" деді Ластаев.
29 шілдеде Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Марат Жыланбаевтың фотоларын жариялады. Оның айтуынша, Ақмола облыстық денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдерімен бірге олар жазасын өтеушінің жағдайымен танысып, өзімен сөйлескен.
"Өзінің айтуынша, оның халі жақсы, денсаулығына қатысты еш шағымы жоқ. Бұған қоса ол тұрақты түрде спортпен шұғылданады, соның ішінде өзі ұнататын спорт түрі – жүгірумен де айналысады, кітапханаға барып, кітап оқиды" деп жазды Шер Facebook-тегі парақшасында.
Бірақ фотода ол қырынан және арқа жағынан ғана түсірілген, видео жоқ. Кейбір қолданушылар бұл суреттерден адамның жағдайын бағалау мүмкін емес екенін айтып, Жыланбаевтың видеосын жариялауды және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды кіргізуді талап еткен. ҚАЖК бұл талапқа реакция білдірген жоқ.
Жыланбаевтың ахуалы жайлы дабыл қаққан құқық қорғаушы Төреғожинаға 31 шілдеде 78 мың теңге айыппұл салынды. Оған "жалған ақпарат таратты" деген айып тағылды. Ал құқық қорғаушы айыпқа келіспеді. Халықаралық ұйымдар шешімді сынады.
- 61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
- Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
- Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
- 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
- Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.