Трамп Зеленскиймен келіссөз жүргізу жөнінде Путинге шарт қоймағанын айтты

Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі, 7 тамызда өзімен кездесу үшін Ресей президенті Владимир Путиннің Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізуге міндетті емес екенін мәлімдеді.

Журналистердің тиісті сұрағына жауап берген Трамп Ресей президенті Украина басшысымен кездескісі келмесе де, Путинмен кездесетінін айтты.

Бұған дейін Ақ үйдегі дереккөзге сүйенген New York Post егер Ресей президенті Украина басшысымен келіссөзге келіссе ғана Трамп Путинмен кездесетінін айтқан. "Бұл кездесу өтуі үшін Путин Зеленскиймен де кездесуі керек" деді дереккөз.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков 7 тамызда журналистерге Мәскеу мен Вашингтон алдағы күндері жоғары деңгейдегі кездесу өткізу жөнінде келіскенін және қазір саммитке дайындық жүріп жатқанын хабарлаған. Мұндай кездесу өтетіні 6 тамызда Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф Кремльде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездескеннен кейін айтыла бастаған.