АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтату үшін Кремльге 8 тамызға дейін уақыт берген еді. Путиннен жауап болмаса, Вашингтон Мәскеуді экономикалық қыспаққа алмақ. Оның бір жолы – Ресей мұнайының Қытайға сатылуын тежеу. Ақ үй Пекинді көндіре ала ма?
АҚШ пен Қытай осы күндері Швеция астанасы — Стокгольм қаласында сауда-саттық жөнінде келіссөз өткізіп жатқан тұста Пекин Мәскеуден қандай көлемде мұнай сатып алатыны жайлы мәселе көтеріліп отыр. Баж салығы мен екіжақты саудадағы өзге де келіспеушіліктерге арналған бұл жиындарда мұнай мәселесі енді басты түйткілге айналды.
Жақында Трамп Путиннен көңілі қалғанын айтқан. Ресей басшысы Украинадағы соғысты аяқтауға құлықты емес деді ол. Енді Ақ үй Мәскеуді миллиардтаған кірістен айыру арқылы оны келісімге мәжбүрлемек.
— Ақ үй Ресейдің Қытайға мұнай сатуының қаншалық маңызды екенін енді түсіне бастады, — дейді бұрынғы президент Джордж Буштың әкімшілігінде Қытай жөніндегі кеңесші болып жұмыс істеген Деннис Уайлдер. — Қытайсыз Ресей экономикасы әлдеқашан құлдырап кетер еді.
Алайда Пекинді бұған көндіру қиынға соқпақ. Стокгольмдегі келіссөздерде Қытай өкілдері Ресей мұнайын алуды азайтудан бас тартқан. Бұған жауап ретінде АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент 100 пайыздық кеден салығы жайлы ескерткен.
— Қытай энергетикалық қауіпсіздігін ұлттық мүддесін ескере отырып қамтамасыз етеді, — деп жазды Қытай сыртқы істер министрлігі Х желісінде. — Қысым мен қорқыту еш нәтиже бермейді. Қытай өзінің егемендігін, қауіпсіздігін және даму жөніндегі мүдделерін қорғайды.
Азаттық сөйлескен бұрынғы шенеуніктер және энергетика сарапшылары Қытай Ресей мұнайын сатып алуды толық тоқтатпайды, бірақ уақытша шектеу қоюы мүмкін деп отыр. Өйткені қос мемлекет сауда-саттық жөнінде келісімге келуге ниетті. Бұл келісім Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин арасындағы ықтимал саммитінің алғышарты болмақ. Саммит қазанда өтуі мүмкін екені хабарланған.
— Пекин Ресей мұнайын импорттаудың айлық көлемін біршама азайтуы мүмкін, бірақ сөйткен жағдайда олар бұл туралы ресми мәлімдеме жасамайды, — дейді Уайлдер.
АҚШ Қытайды Ресей мұнайын алмауға көндіре ала ма?
Қытайдың Ресей мұнайын сатып алуын азайту-азайтпау мәселесі 12 тамызда аяқталуға тиіс АҚШ-Қытай сауда келіссөздеріне байланысты.
АҚШ Қытайдан тек Ресей мұнайын емес, Ираннан келетін мұнай импортына да шектеу қоюды талап етіп отыр. Қазір Иран өз мұнайының 90 пайыздан астамын Қытайға экспорттайды. Ал Ресей болса Қытай мұнай импортының бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр дейді сарапшылар.
Трамп Үндістанға да қысым көрсетіп жатыр. Ресей Украинаға басып кіргелі бері Үндістан мен Қытай Мәскеудің басты мұнай тұтынушыларына айналды. Трамп 4 тамызда Truth Social желісінде Ресей мұнайын сатып алып отырғаны үшін Үндістанға салынатын баж салығын айтарлықтай арттыратынын мәлімдеді.
Қытай мен Үндістанның Ресей мұнайын сатып алуын тежеу Мәскеу үшін ауыр соққы болмақ. Бірақ сарапшылардың айтуынша, Қытайдың да АҚШ-қа қарсы қолданар тетіктері бар.
Ақ үй қазір Қытайды АҚШ өнімдерін, соның ішінде америкалық технологияларды көбірек сатып алуға және АҚШ энергетикасы мен ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранысты арттыруға шақырып жатыр.
Ақ үй Қытайды АҚШ өнімдерін, соның ішінде америкалық технологияны көбірек сатып алуға ынталандырып отыр. Трамп пен Бессент Қытайдың америкалық компаниялардың жұмыс істеуін жеңілдетіп, АҚШ-тың энергия ресурстарын сатып алуын арттырғанын қалайды.
Алайда Қытай сирек металдар саласындағы үстемдігіне сүйеніп, соның өз ыңғайына пайдалануды көздеп отыр. Бұл минералдар электр көліктерінің аккумуляторларынан бастап маңызды қорғаныс технологияларына дейінгі барлық өндірісте қолданылады.
Бұл шілде айында анық байқалды. АҚШ ұшақ қозғалтқыштары мен Nvidia компаниясының H20 дейтін жасанды интеллект чиптерін сатуға қойылған тыйымын жұмсартты, ал Қытай сирек металдар сатылымына қойған шектеулерін алып тастады.
Мұнай импорты жөніндегі қысымды күшейтіп жіберсе, АҚШ пен Қытай арасындағы осы күнге дейін пысықталған келісімдер жоққа шығуы мүмкін.
— Пекин сирек металдарды экспорттауға салынған шектеулерді қуатты қару екенін көрсетті, ал АҚШ әкімшілігі бұл әлсіз бітімді қатерге тігуге құлықсыз, — деді Азаттыққа Лондонда орналасқан Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Мария Шагина.
Ақ үйдің Қытайға ықпал ете алатын қандай тетігі бар?
Пекин Ресейдің Украинадағы соғысына кедергі келтіретін қадамға баруға құлықты болмауы мүмкін.
Қытай Ресейдің ең жақын ірі қолдаушысына айналды. 2022 жылғы ақпанда Кремль бастаған соғысқа дейін Путин мен Си Цзиньпин "шекарасыз әріптестік" жариялаған. Соғыс басталғанда Ресейге қару беруден тартынып қалған Қытай Мәскеуге қос мақсатта пайдаланылатын өнімдерді беріп келеді. Азаматтық және әскери салада қатар қолданылатын бұл технологияны Ресей дрон және зымыран өндірісінде пайдаланып отыр.
Шілдеде Қытай сыртқы істер министрі Ван И Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Калласпен кездесуде Пекин Ресейдің бұл соғыста жеңілуін қабылдай алмайтынын айтқан. Өйткені Ресей жеңілсе, Вашингтон бүкіл назарын Қытайға аударады деген ол. Ван Идің бұл сөзін әуелі South China Morning Post жариялап, кейін оны Азаттық растады.
Сарапшылардың айтуынша, АҚШ Сенатында ұсынылған екіпартиялық заң жобасы Вашингтонның Қытайға қысым жасау тетігіне айналуы мүмкін.
Бұл заң Ресейдің соғыс машинасын мұнай мен газ сатып алу арқылы қолдайтын елдерге 500 пайызға дейін кеден салығын салуды көздейді. Басты нысана — Қытай мен Үндістан. Бірақ бұл заң Конгрестен өтсе, мұндай шаралар шиеленісті айтарлықтай күшейтеді.
Осы тұста Пекин бірқатар амалды таразылап отыр. Оның ішінде Ресейден мұнай алуды азайту, АҚШ-қа көп инвестиция құямыз деп Трамп әкімшілігін еліту, АҚШ энергетикасы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек сатып алуға уәде беру секілді қадамдар бар.
АҚШ-та орналасқан Atlantic Council зерттеу орталығының Қытай мен Ресей арасындағы энергетикалық байланыстар жөніндегі сарапшысы Джо Вебстердің айтуынша, Қытай АҚШ энергия көздерін сатып алуды ұлғайтады дегенге сену оңай, бірақ Ресей мұнайын импорттауды азайтуы қиындау.
— АҚШ экспортын көбейтуге келісу Қытай үшін жеңілдеу қадам, — деді сарапшы Азаттыққа. — Ал Ресейден импортты азайту әлдеқайда қиын, себебі бұл Мәскеуге нақты экономикалық соққы болып тиеді, ал Қытай Ресейдің соғыста жеңілуін қаламайды.
Бірақ Пекин мұның өзіне де оңайшылықпен көнбеуі мүмкін.
Қытай билігі АҚШ пен оның одақтастары ел экономикасына шетелдік мұнай ағынын шектеу арқылы соққы беруі мүмкін деп бұрыннан қауіптеніп келеді. Сол себепті Қытай ішкі мұнай өндірісін арттыруға және әлемдегі ең ірі электр көлік өндірісін дамытуға жүздеген миллиард доллар жұмсауды қарастырып отыр.
— Пекин ешкімге, тіпті Ресейге де тәуелді болғысы келмейді. Әсіресе АҚШ-қа тәуелді болғысы келмейді, — деді Вебстер. — Сол себепті олар бұған да құлықсыз болады.
ПІКІРЛЕР